
Бүгін Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты, «Ұлы Дала тарихы» ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Шағатай тілі – бабалар үні» атты ғылыми-танымдық жиын өтті.
Іс-шараның мақсаты – түркі дүниесінің ортақ мұрасы болып саналатын Шағатай тілінің тарихи, әдеби және мәдени маңызын терең таныту, студенттердің академиялық ізденісін қолдау және ғылыми қызығушылығын арттыру.
Аталған жиын университет қабырғасында жүргізілген «Шағатай жазуы мен тілі» тегін оқу курсының қорытынды шарасы ретінде ұйымдастырылды. Бұл курс 20 қазаннан бастап аптасына екі рет өткізіліп, оқытушылар мен студенттерге шағатай жазуының негізгі әріптері, фонетикалық ерекшеліктері, мәтіндерді оқу тәсілдері және бастапқы деңгейдегі аударма дағдылары толық көлемде үйретілді. Қатысушылар шағатай қолжазба мәтінінің құрылымын, графикалық ерекшеліктерін және тілдік нормаларын меңгеріп, тарихи деректермен жұмыс істеу дағдыларын жетілдірді.
Шараға Әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректор Еркын Жуманкулова, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының директоры Бақытжан Жолдыбайұлы, тарих кафедрасының бағдарлама көшбасшысы Берік Темірханұлы қатысты.
Жиын барысында студенттер курстан алған білімдерін шағатай тілінде жазылған мәтіндерді қазақ тіліне аудару арқылы көрсетіп, пікір алмасу алаңын ұйымдастырды. Шара соңында курстың бастапқы кезеңін аяқтаған белсенді студенттерге Алғыс хаттар табысталды.