Ұлы Дала Тарихы
Ұлы Дала Тарихы

Омархан Нұртайұлы Өксікбаев: Адалдық тәрбиесінен – қаржылық бақылау жүйесін қалыптастыруға дейін

25 января, 2026

Омархан Нұртайұлы Өксікбаев: Адалдық тәрбиесінен – қаржылық бақылау жүйесін қалыптастыруға дейін

Омархан Нұртайұлы Өксікбаев: Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ.

Адалдық тәрбиесінен – қаржылық бақылау жүйесін қалыптастыруға дейін

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел үшін ең ауыр да, ең жауапты кезеңдердің бірі болды. Сол уақыттың салмағын көтеріп, жаңа экономикалық жүйеге бейімделу жолында қызмет еткен азаматтар бүгінгі Қазақстанның қалыптасу тарихында ерекше орын алады. Сондай тұлғалардың бірі – қаржы-экономика саласында ұзақ жылдар жауапты да абыройлы қызмет атқарған Омархан Нұртайұлы Өксікбаев.

Бұл мақаланың өзегі – Омархан Өксікбаевтың өмір жолы мен қызметтік болмысы болып табылады: отбасындағы тәрбиеден бастап, мемлекеттік басқарудағы еңбекке дейінгі ұстанымдары, тәуелсіздік жылдарындағы қаржылық бақылау бағытындағы тәжірибесі және азаматтық пайымы.

Омархан Нұртайұлы өз мінезі мен өмірлік қағидаларының бастауын бала күнгі тәрбиеден таратады. Үйдің үлкені ретінде ата-әже тәрбиесін көріп өскенін айтады. Ауыл адамдары атасын дінге жақын болған соң қатты құрметтейді екен, діни кісі болған дейді. Сол себепті ол кісіге бала жастан «иманды болу, адал болу, өтірік айтпау, біреуге қиянат жасамау» секілді ұғымдар өмірлік өлшем ретінде сіңірілген екен.

Бұл – кейінгі қызметтік жолында да байқалатын басты арқау: жауапты қызметтің салмағын көтере жүріп, адалдық пен парасаттылықты азаматтық ұстанымына айналдырған.

Балалық шағы ауылда өтіп, күнделікті тіршіліктің талабын ерте сезініп өскен. Ауылдың жұмысы таңнан кешке дейін толастамайтынын, үй тірлігіне ерте араласқанын айтады. Сонымен бірге бала күнінен атқа құмар болып, мал бағу, жарысқа ат қосу секілді ауылға тән машықтарға жақын болған.

Оқу жолы бірқалыпты бола бермеген: әкесі Нұртай қызмет бабымен бір жерден бір жерге ауысқандықтан, мектеп те жиі ауысып отырған. Бұл жағдай үлгерімге де әсер еткенін жасырмайды. Дегенмен, пәндік қызығушылығы уақыт өте өзгеріп отырған: бастапқыда математикаға бейім болса, кейін жоғары сыныптарда география мен тарихты сүйіп оқыған. Қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, пионер-комсомол қатарындағы мәдени іс-шаралардың ортасында жүрген.

Мамандық таңдауда әке қалауы мен өзінің бейімі қатар келген тұс бар ұқсайды. Әкесі агроном болғандықтан, баласының да сол жолды жалғастыруын қалаған дейді. Бірақ Омархан Нұртайұлы өзіне жақын пәндермен байланысты саланы таңдауды жөн көріп, экономика бағытына бет бұрады. Алматыға арман арқалап келіп, Халық шаруашылығы институтына оқуға түседі.

Студенттік өмірінде спортты тұрақты түрде таңдап, айналысу міндет болғанын сөз етеді. Алғашында футболға барғысы келіп, бірақ институтта футбол үйірмесі болмаған соң, допқа жақындығын сақтап қалу үшін гандболды таңдаған деседі. Дегенмен бой айырмашылығы мен ортаға үйренісу қиын болғандықтан, кейін боксты таңдап, тұрақты шұғылданып, студенттік жарыстарда жүлделі орындар алған. Әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік болғанымен, анасының өтінішімен тоқтағанын айтады.

Қызмет жолы: қаржы жүйесіндегі тәжірибе және мемлекеттік жауапкершілік

Омархан Өксікбаев 1954 жылғы 22 желтоқсанда Алматы облысы, Балқаш ауданы, Көктал ауылында туған. 1975 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін 1991 жылы Францияда (Парижде) «нарықтық экономикадағы аудиторлық қызмет» бағыты бойынша білімін жетілдірген. Экономика ғылымдарының докторы.

Еңбек жолын Алматы облыстық қаржы басқармасында аға экономист ретінде бастап, 1976–1977 жылдары ГДР-дағы Кеңес әскерлері тобы құрамында әскери қызмет атқарған. Одан кейін қайтадан қаржы саласындағы қызметін жалғастырып, әр деңгейдегі экономикалық және бақылау құрылымдарында жұмыс істеген.

Тәуелсіздік жылдары оның қызметтік жолы ерекше қарқын алады. Нарықтық экономикаға көшу кезеңінде қаржы саласын терең меңгеріп, ел экономикасының қажетіне сай тәжірибе енгізуге ұмтылғаны айтылады. Сол тұста мемлекет қаржысы тәртіпсіздікке ұрынбас үшін, қаржылық бақылаудың жүйелі механизмдері керек болды. Омархан Нұртайұлының айтуынша, дәл сол қиын шақта мемлекеттік қаржылық бақылау комитетін құру үлкен жеңіс болған, мұндай құрылым посткеңестік кеңістікте бұрын болмаған. «Алғашқы болып қаржылық бақылау комитетін құру – сол уақыттың талабынан туған нақты қадамның мәнін аңғартады. Ол бұл жұмыстың басы-қасында жүріп, қаржы саласының нығаюына үлес қосқаны сөзсіз ерен еңбек болып табылады.

Кейінгі жылдары да әртүрлі жауапты лауазымдарда қызмет еткен: Мемлекеттік қаржылық бақылау комитетіндегі басшылық деңгейлері, есеп комитетіндегі мүшелік пен төрағалық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік комиссия мүшелігі, Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары, Президент Әкімшілігінің Бас бақылау инспекциясын басқару сияқты міндеттер – оның қызметтік тәжірибесінің кеңдігін көрсетеді. 2012 жылдан бастап Парламент Мәжілісінде депутат ретінде де еңбек еткен.

Марапаттары қатарында «Құрмет», «Парасат» ордендері және бірқатар мерекелік әрі ведомстволық медальдар бар.

Омархан Өксікбаевтың естеліктерінде ұлттық өнердің адам жанына әсер ететін қуаты айқын сезіледі. Әскери борышын ГДР-де өтеп жүргенде, таңғы кезекшілік кезінде радиодан Құрманғазының күйі естіліп, сол сәтте орнында «қатып қалғанын» айтады. Өзге ортада жүріп туған өнердің үнін есту – оның бойындағы ұлттық сезімнің тереңдігін күшейткен ерекше тәжірибе ретінде суреттеледі.

Бүгінде ол ұрпақ өсіріп, немере сүйіп отырғанын, бос уақытын немерелер тәрбиесіне арнайтынын айтады. Кітап оқуды жанына жақын көреді, жалпы отбасыны бірінші орынға қоятын тұлға ретінде көрінеді.

Өмірге деген көзқарасында жігер бар: Ол ел үшін үнемі қызмет етуге дайын екенін айтады.

Қорытынды

Омархан Өксікбаевтың өмір жолы бір ғана қызметтік тізіммен өлшенбейді. Оның болмысында бала күннен сіңген иман мен адалдыққа негізделген тәрбие, білімге ұмтылған ізденіс, тәуелсіздік жылдарындағы ауыр жауапкершілік, ұлттық өнерге деген терең ықылас және адамдық қарым-қатынасқа қатысты нәзік ойлар қатар өрілген.

Осы сипаттардың бәрі жинақталып, елдің өтпелі кезеңінде қаржы саласын тәртіпке келтіруге, бақылау институттарын орнықтыруға бағытталған еңбекпен сабақтасады. Түйін біреу: адал қызмет – абыройлы міндет, ал абыройдың өзегі – адамдық өлшемді жоғалтпау болып табылады. Назарларыңыз үшін рақымет.

Мақаланы дайындаған Д. Уразбаев